Оңтүстікте Ұлы Отан соғысының ардагерлері құрметтелуде. Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Жеңіс күні мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардагері Шамиль Латыевтың үйіне арнайы барып, мейраммен құттықтады. Ардагердің үйінде қонақта болған облыс әкімінің орынбасары қазыналы қартпен әңгіме-дүкен құрып, сұрапыл жылдарда Отан үшін кеудесін оққа тосқан майдангерге алғысын білдірді.
Ұлы Отан соғысының мүгедегі Шамиль Латыев сұрапыл жылдары 3-ші Белорус, Батыс фронттарында болып, түрлі жарақаттар алып, қан майданнан ІІ топ мүгедегі болып оралды.
Соғыс жылдарынан соң №51 Буденовский жылқы зауытына жұмысқа шақырылған ол құрылыс техникумін аяқтап партиялық мектебіне түсті, совхоз директоры орынбасарының қызметін атқарды.
1969 жылы Чапаев қаласына шақырылып, прораб жұмысынан бастап ПМК-63 ТРЕСТ «Уральск-Водстрой» партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істеді, соңғы қызметі Уральск қаласында ТРЕСТ «Уральск-Водстрой» сатып алу бөлімінің бастығы болды. Тоқсанның төріне шыққан қария бүгінде 4 ұлдан 6 немере мен 1 шөбере сүйіп отырған бақытты жан.
Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов Отан соғысы ардагері Алтыбай Бабаевты өңір басшысының атынан құттықтап, сый-сияпат табыс етті.
— Сіздер соғыс және соғыстан кейінгі жылдары қажырлы еңбектеріңізбен бүкіл халықтың құрметіне бөленіп, кейінгі ұрпаққа үлгі болдыңыздар. Мұны әрбір өскелең ұрпақ мәңгі жадында сақтайды, әрдайым ардагерлерді сыйлап, оларға қамқорлық көрсетеді, – деген Мұратәлі Оразалыұлы қаржылай сыйлық табыс еттіп, ардагерге ұзық ғұмыр, зор денсаулық және отбасына амандық тіледі.
92 жасқа келген ардагер өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Сұрапыл соғысқа бозбала шағында аттанған қарт жауынгер Ұлы Жеңісті қарсы алғаннан кейін аман-есен елге оралады. Бірқатар жауапты қызметтер атқарып, еліміздің еңсе тіктеуіне елеулі тұрғыда үлес қосады. Бүгінде жұптасқандарына 70 жыл толған жұбайы Айша Бабаева екеуі көптеген немере, шөбере сүйіп отырған, өсіп-өнген шаңырақтың ардақты абыздары.
Қазығұрт ауданында да ардагерлерге құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Төлеген Телғараев қарт жауынгерлердің шаңырағына бас сұғып, арнайы құттықтап шықты. Құр қол емес, әрине. Жеңісті жақындатқан жандарға шапан кигізіп, тұрмыстық техниканы үлестірді.
Бұдан бөлек, ең басты сый — 210 мың теңгені тегіс таратып берді. Жыл сайын жылы лебізі мен қарияларға деген құрметін аямаған әкімдік өкілдеріне қарт жауынгерлер алғысын білдірді. Ардагерлер бүгінгі бейбіт күннің қадірін ұғынуды ескертті.
Айта кету керек, Ұлы Жеңістің 71 жылдығы қарсаңында Оңтүстік өңіріндегі ҰОС ардагерінің барлығына тегіс облыс бюджетінен 212 мың теңгеден аударылды. Облыстық ардагерлер кеңесінің 6 мамырға берген мәліметі бойынша мерекеге 332 майдангер, 21 мың 747 тыл еңбеккері қатыспақ. Жеңісті жақындатқан қарт жауынгерлер мейрамның көркін кіргізуге әзір.