Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов пен Шымкент қаласынының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өртенген «Исатай» базарының жағдайымен танысып, ондағы сатушылармен кездесті.
Облыс әкімі өртке оранған нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүретінін айтып, сабырлық танытып отырған сатушылар мен сауда орталығының басшылығына алғысын білдірді.
Сондай-ақ, өртті дер кезінде ауыздықтатып, шұғыл жұмыс атқарған облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен қала басшылығына ризашылығын жеткізді. Аймақ басшысы төтенше жағдайға байланысты тиісті сала мамандары мен қала басшылығына олқылықтың орнын жойып, тез арада қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, базар түнде өртенген кезде Шымкент әкімі арнайы барып, жағдайды өзі көзімен көріп қайтқан болатын.
Еске сала кетсек, «Исатай» базарындағы өрт 21 мамыр түні шыққан болатын. Сауда орны 11-шағынауданда, үйлердің арасында орналасқан. Абырой болғанда қызыл жалын үйлерді шарпыған жоқ.
Жедел жеткен ақпаратқа сай түнгі 01:55 сағатта апат орнын оқшаулаған өрт сөндіру қызметкерлері сағат 02:23 те тілсіз жауды түгелдей ауыздықтады. Өрт сөндіру жұмысына жалпы жеке құрамның 115 қызметкері, 23 өрт сөндіру теxникасы мен 87 әскери сарбаз жұмылдырылды.
Қазіргі таңда өрттің неден шыққаны анықталуда. Адамдар зардап шеккен жоқ.