Сыбайлас жемқорлықтың құрбаны не куәгері болсаңыз, байланыс орталығына хабарласыңыз. Сіздің хабарламаңыз ескерусіз қалмайды. Егер берген мәліметіңіз расталса, сыйақы беріледі.
Биыл бұл мақсатқа 43 миллион теңге бөлінген. Бұл туралы облыстық конференцияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өңірлік басқарма басшысы мәлімдеді. Сала мамандарының сөзіне сенсек, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты 60 арыз келіп түскен.
Қоғамды сыбайлас жемқорлық дендеп бара жатқаны ащы да болса шындық. Індеттің алдын алу үшін сан түрлі шаралар ұйымдастырылғанымен, алып бара жатқан нәтиже жоқ.
Халық пікіріне сүйенсек, шенеуніктен бастап қарапайым мұғалімге дейін ақшаға құмар. Олардың пейілін тыятын заң былтырдан бастап жұмыс істеуде. Бірақ, «алаған» қол бермесіңді тартып алуын қойған емес. Мамандардың сөзіне сенсек, сыбайлас жемқорлық індетін анықтап, көзін жоюды қалайды. Қаржылық бақылау шараларын қатаңдатқанмен, пара беру мен алу тоқтамаған.
Гүлжан Мұсабекова, мемлекеттік істер министрлігінің өңірлік департаментінің басқарма басшысы: «Біздің облыста, өкінішке орай, әбден сыбайлас жемқорлыққа өте көп жол берген салалар деп денсаулық сақтау, білім беру және жер қатынастары саласын айтуға болады. Әрине, бұл сала қызметкерлерінің бәрін бірдей парақор деп атауға болмайды. Және олардың барлығын елін сүймейді деп айтуға болмайды. Былтыр «Кемел» қоғамдық ұйымы зерттеу жүргізіп, осындай нәтиже шығарған. Ал биыл бұл салаларда жемқорлықтың алдын-алу үшін түрлі жұмыстар атқарылуда».
Өркениетті елдерде пара алуды арын сатумен байланыстырады. Ал бізде сыйақы ретінде ғана қарап, заң бұзылады. Онымен күреске кез келген қазақстандық қатыса алады. Қандай да бір сыйбайлас жемқорлық әрекетіне куә болсаңыз немесе құрбанына айналсаңыз, ұлттық бюроның сенім телефонына қоңырау шалып, хабар бере аласыз. Сіздің берген хабарламаңыз елеусіз қалмайды. Егер расталса, мемлекет тарапынан сыйақы беріледі әрі аты-жөніңіз құпия сақталады.
Бақыт Құрбанбайұлы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының өңірдегі өкілі: «Әрбір арыз-шағым жіті тексеріледі. Оның талаптары бар, бұл үкімет қаулысында нақты көрсетілген. Тергеп-тексеруден кейін соттың үкімі шығады. Егер дәлелденіп жатса, 15 жұмыс күні ішінде сыйақы беріледі. Егер сыйақыдан бас тартса, арнайы өтініш жазады, егер ұлттық бюро қажет деп тапса, ол азамат мемлекеттік алғыс хатпен марапатталады».
Былтыр жемқорлықтың алдын-алуға көмектескен 345 азаматқа қомақты сыйақы берілген. Биыл парақорлықтың жолын кескендерге 43 миллион теңге қаржы беріледі. Ұлттық бюро өкілдерінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері 60 азаматтан шағым түскен. Ендеше, жемқорлықпен күреске сіз де ат салысып, 1424 нөмеріне қоңырау шалыңыз!