Достық тұрғындарына қайырымды жандар көмектесті

285
Достық тұрғындарына қайырымды жандар көмектесті

Шымкенттің әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылары Достық шағынауданында көптеп шоғырланған. Мұндағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы отбасылар көмекке мұқтаж. Осыны ескерген жомарт жандар жиі қайырымдылық акциясын өткізіп тұрады. Бұл жолы көмекке аса мұқтаж 20 отбасына 25 келіден ұн, бес келіден күріш, өсімдік майы, макарон өнімдері мен құмшекер таратып берілді. Қиын кезеңде қол ұшын беріп, қолдау көрсеткендерге тұрғындардың алғысы шексіз.

Достық тұрғындарына қайырымды жандар көмектесті

Азық-түлік алғандардың арасында Достық шағынауданындағы Айтұмар көшесінде тұратын Байғазиевтер отбасы да бар. Алты баланың анасы Айжанның қуанышында шек жоқ. Айтуынша, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы коммуналдық төлемдер, балалардың киімі мен тамағынан артылмайды. Сондықтан көмекке мұқтажбыз дейді жас ана. Көршісі Қасымбек Үзенбаев та қолдауға зәру. Ол І топ мүгедегі.

Қайрымдылық акциясына Айжан Пайызова да қатысты. І топтағы мүгедек жанның төсекке танылғанына төрт жыл болыпты. Ұлын босанған шақта денсаулығына зақым келген.

Достық шағынауданындағы ақ жаулықты аналар қиындыққа мойымай, бала-шағаларын асырап келеді. Сонда да болса үнемі қолдау көрсетіп, отбасын жебеп отыратын жомарт азаматтарға алғыстары шексіз.

Надежда Новикова қатерлі ісікке шалдыққан. Дерттің төртінші сатысын жеңуге бел буған әйелге халық қалаулысы демеу көрсетті. Тағдырдың тауқыметін бастан кешкен жерлесіміз алдымен Құдайдың, сосын адамдардың мейірімділігі арқасында осы күнге жеттім дейді.

Надежда Новикова, бірінші топ мүгедегі: «Үнемі қолдау көрсетіп жүрген қөршілеріме рахмет! Облыс мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабековке алғысым шексіз. Қажетті дәрі-дәрмектерді халық қалаулысының демеушілігімен сатып алдым. Өзі келе алмағанда көмекшілерінен қаржы жіберетін. Бүгін, міне, ұн, күріш, қант, күнбағыс майын әкеліп берді. Рахметтен басқа не айтамын? Осындай жанашырларымыз көп болсын!»

Осылайша халық қалаулысы өз қаржысына Достық шағынауданындағы аса мұқтаж 20 отбасына азық-түлік таратып отыр. Енді бұл бастаманы облыстық, қалалық, аудандық мәслихтаттың депутаттары қолдайды деген сенімде.

Шынар Оразова