Күнгейде мақта қайта егіледі. Нөсер жауынның салдарынан шаруалар қайтадан шит себуге мәжбүр. Табиғаттың тосын мінезінен Мақтаарал мен Шардара ауданындағы 800 гектардай мақталық алқап жарамай қалған. Қазір мақташылар үшін әрбір минут маңызды. Жаз шықпай шит сеуіп үлгеру үшін жанталасып жатыр.
Үлгермеген жағдайда ақ алтын терімі қара күзге қалып қою қаупі басым. Айта кетейік, биыл еліміздегі ақ алтын өсіретін жалғыз аймақта мақталық алқаптың көлемі ұлғайған. Жалпы аумағы 110 мың гектарға мақта өсіріледі деп жоспарланып отыр. Соның 100 мыңына шит себіліп үлгерген болатын.
Оның өзі биыл тым кеш басталды. Жердің қызуын ұзақ күткен шаруалар тек сәуірдің екінші онкүндігінен ғана бастаған болатын. Биыл шит тапшылығын да сезінген мақташы қауым енді екінші қайта шығынға батқалы отыр. Өйткені оларға өтемақы берілмейді.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Сейтжан Азбергеновтың айтуынша, мақта иесіне келген шығын тауар өндірушілердің өз есебінен жүргізілетін болады. Себебі мақта міндетті сақтандыру заңы бойынша тауар өндіруші келісім шартқа тұру керек ,алай-дүлей апат болған жағдайда тауар өндірушінің шығыны өтелетін болады. Ал бұл жағдайда күнгейлік шаруалар міндетті сақтандыру келісіміне тұрып үлгермеген.