Күнгейдің ең үздік қол өнер шебері анықталды

364
Бекова Гүлшат

Күнгейде үздік шеберлер анықталды. Өңіріміздегі «Көрме » орталығында ұлттық сазды аспаптар жасайтын жерлестеріміз үшін фестиваль ұйымдастырылды. Өнер сайысында үміткерлер өз қолдарымен жасаған ұлттық аспаптарының шығу тарихын айтып беруі міндеттелген. Қолөнершілер қазылар алқасы алдында халқымыздың қазынасы — домбыра, сазсырнай, қобыз , жетігеннің жасалу тәсілдерін түсіндіріп, жүлдеге таласты.

Бекова Гүлшат

Бекова Гүлшат, қолөнер шебері: «Мен негізі термешімін, өнер саласында жүріп өзіме қажетті домбыраны іздедім. Жылдар бойы дауысыма сәйкес аспапты таппадым, содан соң өзім жасаймын деген ой келді. Міне, сол 15 жылдан бері жүздеген домбыраның авторы атандым. Көбіне өрік ағашы мен жаңғақ және қайыңды араластыра отырып, домбыра жасаймын. Оның тегін қайыңнан дайындаймын, сонда дыбыс анық шығады. Ал бір ғана домбыраны  жаксауға 2 апта уақытымды жұмсаймын, есесіне оны тұтынушыларға 50 мың теңгеден жоғары бағаға ұсынамын. Тапсырыстар көп түседі».

Едіге Балабеков, қазылар алқасының төрағасы:»Сазды аспаптардың көрінісіне, олардың түсі мен дыбысына баса назар аудардық, себебі оның сәні келіскенімен дыбысы болмаса, ол талапқа сәйкес келмейді. Қарап отырып, шеберлердің қабілет-дарынына куә болдық. Еш жерде білім алмаса да, қызығушылығы арқылы үйінде шеберхана ашып, халық аспаптарын жасап жатыр. Мұны көріп, Оңтүстікте қолөнер жоғары деңгейде дамып жатыр деп марқая айта аламын».

Күнгейдің 26 бірдей қолөнершісі қатысқан өнер сайысында бас бәйгені Түркістанның талантты шебері жеңіп алды. Жасынан ағаш жонып, қазақ өнерін жаңғыртып жүрген шебер Дәурен Меңшәріповке қаржылай сый — 200 мың теңге тапсырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл алғаш рет қолға алынған фестивальдің қатысушылары сый-тартудан шет қалмады. Олардың әрқайсысына 30 мың теңгеден берілді.