Марқұм Әйгерім Оспанбекованың анасы күдіктіні қатаң жазалауды сұранды

906

Осыдан екі апта бұрын жоғалған Әйгерім Оспанбекованың мәйіті Сарыағаш ауданынан табылды. Қазіргі уақытта күдікті азамат ретінде 26 жастағы жігіт ұсталды. Күдікті Сарыағаш-Шымкент қалалары арасында такси болып, нәпақасын тауып жүрген екен. Ол 10 мамыр күні Сарыағаштан шығарда көлігіне адамдарды толтырып шыққан. Жол жөнекей жолаушыларын тарқатқан таксист қыздың жалғыз қалғанын пайдаланып, адам сенгісіз қылмысқа барған.

Әйгерімді іздеуге тек ішікі істер орган қызметкерлері ғана емес, еріктілер мен ауыл азаматтары қатысты. Күні-түні Сарыағаш-Шымкент тасжолын торуылдап, әрбір арық атызды ақтарды. 10- мамыр күні Шымкентке қарай шыққан Әйгерімнің өлі денесі араға он екі күн өткеннен кейін Сарыағаш ауданынан табылды. Мәйітте зорлық-зомбылық белгілері бар.

Нуриддин Дауылбаев «Тергеу барысында анықталғаны: жол жүру барысында күдікті мен жәбірленушінің арасында жанжал туындап, нәтижесінде күдікті жәбірленушінің кеуде тұсынан темір бұрағышпен бірнеше рет ұрып өлтірген. Содан соң, жәрбірленушінің мәйітін Сарыағаш ауданы, Бағыс ауылының маңына апарып, жерге көмген».

Қаралы хабарды естіген туыстары қайғыдан қан жұтып, бүгін бауырларын жер қойнына тапсырды. Туған қызының ауыр қазасы Әйгерімнің ата-анасын есеңгіретіп тастады. Әкесі аурухана төсегіне жатып қалды. Ал, анасы қызын қорлап өлтірген қанды қол қатыгезе қатаң жаза беруді талап етіп отыр.

Сахида Ахметова, марқұм Әйгерім Оспанованың анасы:  «Үміттендік, алып қашып кеткен шығар деп ойладық. Күніге хабаршы келіп қалады деп алаңдап отырдық. Зұлымдықпен өлтіріп отыр. Бірнеше жерінен пышақ тыққан. Аузын скотчтаған. Қолын сумкасымен байлап, екі аяғын скотчтап тастаған. Қандай зұлымдық бұл, қандай айуандық?  «

Айта кетейік, ұсталған жігіт отбасылы, екі баласы бар. Алдын бұзақылық әрекеті үшін сотты болған. Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексіның 99-бабы бойынша сотқа дейінгі қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатыр. Егерде басқа да әрекеттері анықталып жатса, қосымша баптар қосылуы мүмкін.