Жауынгердің мәйіті жеткізілді

263

Шымкентке тағы бір сарбаздың өлі денесі жеткізілді. Бұл жолы қайғылы оқиға Атырау облысындағы № 55/46 әскери бөлімінде орын алған. Мекеме басшылары он сегіз жастағы Әзімбек Абдуллаевты өз-өзіне қол жұмсаған деп отыр. Бірақ қайғыдан құса болған ата-ана бұл жауапқа сенбейді.

Үш ай бұрын әскерге өз аяғымен аттанған Әзімбек Абдуллаевтың бүгін өлі денесі туыстарына жеткізілді. Қас қағым сәтте қара жамылған ата-ана бауыр етінің өзіне қол жұмсады деген сөзге сенбей отыр. Атыраудан борышын атқарып жүрген ұлының өз қаруымен ажал құшқаны туралы хабар жеткенде есінен танып қалыпты.

Жауынгер, Атырау облысындағы 55/46 әскери бөлімінде борышын өтеген. Оның денесін әскерилер қарауыл маңынан тауып алыпты.

БЕГАЙДАР ҚҰРТЫБАЕВ, 55/46 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ШТАБ БАСТЫҒЫ:  «23-наурыз күні таңғы алты сағат жиырма минутта қатардағы сарбаз Абдуллаев бекетте қарауылда тұрған кезінде өзін-өзі әскери қарумен атып қойған. Сағат жетілер шамасында оны облыстық клиникалық ауруханаға жеткіздік. Жауынгер сол аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды».