2016 жылдың 14 мамыр күні «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тағылымы» атты ұлттық жобасымен Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, халықаралық «TURKESTAN 2016» фотоэкспедициясын ұйымдастырады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Болашақ ұрпаққа арнап тәуелсіздік алғаннан бері 25 жыл ішінде орын алған және объективке түскен мемлекеттік, қоғамдық және рухани өміріміздегі басты оқиғалардан фотошежіре құруды мақсат еткен жоба «Ел мақтаныштары» фотокөрмесі, «Turkestan — 2016» халықаралық фотоэкспедициясы және «Менің елім – Қазақстан» фотобайқауы сынды шаралардан тұрады.
Ұлттық жоба аясында 14 мамыр күні таңертең жерлесіміз Шүкір Шахайдың 50 жылдық мерейтойына байланысты «Шүкір Шахай – 50» және «Ел мақтаныштары» фотокөрмесі ашылып, түс ауа жұмыс тобы Отырар ауданына түсірілім жасауға жолға шығады.
Ал 15-16 мамыр күндері шараға қатысушылар Түркістандағы тарихи орындар мен Ордабасы ауданындағы Қажымұқан мұражайын, Түлкібас ауданындағы Ақсу Жабағылы қорығындағы әсем табиғатты суретке түсіреді.