Оңтүстіктің жұмысшылары шетелде тегін тәжірибеден өте алады

Әлемнің үздік оқу орындарында тегін іс-тәжірибеден өту. Мұндай мүмкіндікке оңтүстіктің инженерлік-техникалық жұмысшылары «Болашақ» бағдарламасы аясында қол жеткізе алады. Кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар техникалық мамандық иелері мен мемлекеттік қызметкерлер байқауға қатыса алады. Ал шетелге кімнің баратынын мекеме жетекшілері шешеді.

Кәсіпкерлер палатасының өкілдері алдымен «Болашақ» бағдарламасына қатысудың шарттары мен талаптары туралы түсіндірді. Арнайы тәуелсіз сарапшылар құрылып, шетелге кімдердің жіберілетінін жұмыс берушілер шешеді дейді мамандар.

Берік Кенжебеков, ОҚО кәсіпкерлер палатасының өкілі: «Байқауға екі жыл жұмыс өтілі бар мекеме жұмысшылары мен мемлекеттік қызметкерлер қатыса алады. Өткен жылы бір жылдық өтілі барлар мүмкіндігін сынап көрген болатын. Ал биыл талап күшейтіліп отыр. Қазір мекемелер тарапынан өтініштер көптеп түсуде. Яғни қажет деп тапқан маманды жетекші ұсынып, қатысуға ниет білдіреді.»

Ал оқудың бар шығыны «Болашақ» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан төленеді. Басты талап – бағдарлама аясында білім алып, біліктілігін арттырып келгендер кәсіпорында ең кемі 5 жыл жұмыс жасауы тиіс. Айта өтейік, былтыр аталған жоба бойынша шетелде магистр атанған 12 маман бүгінде облыстық әкімдікте жұмыс жасауда.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алу қызметте өсу мен кәсіби маман атанудың кепілі болмақ. Сондықтан өзге елде білім алғысы келіп, қызығушылық танытушылардың саны аз емес. Мәселен, 2015 жылы 375 адам байқауға қатысса, оның 80-і шәкіртақы иегері атанған. Ал биыл өтініштер 2016 жылдың қыркүйек айына дейін қабылданады.