Шымкент әкімдігінде жол қауіпсіздігіне байланысты шұғыл жиналыс өтті. Оны қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов басқарып отырды.
— Мен бүгін жол апатынан зардап шеккен балалардың жағдайын білу үшін ауруханаға бардым. Зардап шеккен жастарды көріп, бауырым езіліп кетті! — деп бастады сөзін қала әкімі. — Қаза тапқан жас бала ертең бір үйдің отағасысы атанар еді. Өкініштісі, автокөлік жүргізушісінің тұрпайы көлік тізгіндеуінен, заң талаптарын орындамауынан мерт болды. Сондықтан қаладағы жол қауіпсіздігі бойынша күрделі реттеу жұмыстары жүргізіледі. Азаматтарымыз мұнан былай мерт бола бермеуі керек!
Бұдан кейін Ғабидолла Әбдірахымов қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиевті қызметінен шығарып жіберді. «Білім бөлімінің жұмысы талапқа сай емес» деді әкім.
Бұл жиналысқа мектеп оқушыларының жол апатына ұшырап, мерт болу оқиғасының жиілеп кетуі себеп болып отыр. Жыл басынан бері Шымкентте 321 жол апатынан 22 адам мерт болса, соның 12-сі — балалар.
Еске салайық, қайғылы жол апатының бірі 19 мамыр күні болған. Аялдамада автобус күтіп тұрған тоғыз адамды көлік қағып, соның салдарынан 1 оқушы тіл тартпай кетті.
Ал 9 мамырдағы мерекелік күндердің бірінде болған жол апатынан бір үйдің екі бірдей баласы мерт болып отыр. Арғынбеков көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан келіншек пен екі баласын жол талғамайтын көлік қағып өткен. Соның салдарынан бір бала оқиға болған жерде мерт болса, оның әпкесі ауруханада дүние салды. Ал аналары әлі есін жимаған, жансақтау бөлімінде жатыр.