2016 жылдың 10 мамыр күні ОҚО ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына Шымкент қаласының 53 жастағы тұрғыны шағымданып келді. Ол азаматтың айтуынша, ұялы телефонындағы «Ватцап» бағдарламасы арқылы белгісіз біреу хабарласып, 1988 жылы туған ұлын қамауда ұстап отырғанын жазады. Босату үшін бұл кісіден 20 мың АҚШ долларын талап еткен.
Бұл факті сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру реестріне тіркеліп, қылмысты кодекстің 126-бабымен (бас бостандығынан заңсыз айыру) іс қозғалды. Арнайы қызметкерлер жүргізген жедел іздестіру шарасы барысында дәл сол күні, сағат кешкі 21:00-де Шымкент қаласындағы 8-шағынаудандағы көп қабатты үйлердің бірінің ауласынан 28 жастағы жігіт табады.
Тергеу барысында бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі дәлелін таппады. Керісінше, жас жігіт өзін ұрлау жалған ақпаратты өзі әкесіне жазыпты. Оның себебі, танысынан алған үлкен қарызын төлеу үшін өз әкесінен 20 мың АҚШ долларын алмақ болған.
Қазір полицейлер оқиғаны жан-жақты тексеруде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.