Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

344
Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Күнгейде Ұлы жеңістің 71 жылдығын тойлау жалғасып жатыр. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты экономикалық тергеу қызметінің өкілдері Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті. Сондай-ақ, жиналған топ ескерткішке гүл қойып, ерлікті және ондағы майдан жылдары қаза тапқан қаруластарын еске алды.

Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Мәңгілік алаудың алдына жеңістің төрін бағындырған жауынгерлер мен тыл ардагерлері жиналды. Мереке кейіпкерлерін мұнда облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты экономикалық тергеу қызметінің өкілдері арнайы шақырған. Жиналған топ екінші дүниежүзілік майданда жауды жыққан жауынгерлерге гүл шоқтары мен сый-таралғысын табыстады. Құрметке бөленгендер қатарында небәрі 18 жасында соғысқа аттанған ардагер де бар. Бейбіт күннің куәгері Әлі Жүнісовтың айтуынша, жау алдында жер құшқан қаруластарының қазасы әлі күнге көз алдында.

Әлі Жүнісов, ҰОС ардагері: «Бір атадан 6 бала болып соғысқа аттандық, 5 бауырым ажал құшты ғой… Елге жалғыз оралдым, әрине олардың қазасы жанұямыз үшін ауыр болды. Майдандағы ауыр ахуалды, жаудың қатігездігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Менің арманым — сол соғысты жастар көрмесе, еліміз тыныш болсын!»

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 196 164 адам аттанған. Оның 144 мыңы — Оңтүстіктен. Ал соғыс алаңынан сол жауынгерлердің 35 мыңы ғана оралған. Әлі күнге хабар-ошарсыз, қайда жерленгені белгісізі қаншама. Бүгінде сол жауынгер жерлестеріміздің 332-сінің көзі тірі.