Сарыағаш ауданының полицейлері осы өңірге келіп, терминал тонаған көрші облыстың тұрғындарын ұстады. Наурыз айының соңында кезекші бөлімге 53 жастағы жергілікті тұрғын шағымданып келеді.
Ол әйелдің айтуынша, түн ішінде дүкенінің есігін бұзып кірген белгісіз біреулер іштегі екі төлем терминалып бұзған. Тонаушылар ақша салынған екі темір жәшікті азып, іздерін суытқан.
Хабарды ала сала дереу із кесуге кіріскен учаскелік полицейлер көп ұзамай Абай ауылындағы көшенің бірінен жүрісі күдікті көрінген Ваз көлігін байқайды. Мемлекеттік тіркеу нөмірі өзге аймаққа тиесілі көлікті тоқтатып, тексеру барысында салоннан шеге суырғыш, қолғап, бетперде мен, ең бастысы, оқтары бар тапанша табылды.
Осыған байланысты көліктің ішіндегі екі жігіттің қолдарына кісен салынады. 28 және 29 жастағы күдіктілер Жамбыл облысынан келген болып шықты. Екеуі де бұған дейін сотты болған.
Күдіктілерден ақша салынған терминалдың екі жәшігі айғақ зат ретінде тәркіленіп алынды. Қазір өздері қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу-тексеру жалғасуда. Тонаушылардан келген шығынның көлемі 1,5 миллион теңгеден асады.