Мегаполистің халқы ыңғайлы да жайлы өмір сүруі тиіс. Бұл жөнінде Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Күн тәртібіне сәйкес қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов шаһар аумағындағы көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарының жағдайы туралы баяндама жасады.
Сандарды сөйлетсек, 2016 жылы Шымкент қаласының орталық көшелері мен алаңдарындағы санитарлық тазалық жұмыстарына барлығы 1 млрд 792 млн теңге бөлінген. Оның ішінде 757 млн теңге механикалық жолмен тазалау жұмыстарына, 678 млн теңге қолмен тазалау жұмыстарына, 125 млн. теңге өзен-каналдарды күтіп ұстауға, 80 млн теңге Асар шағынауданының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына, 14 млн теңге инертті материалдар қорын толықтыруға қарастырылған.
— Шымкенттің ұзындығы 835 шақырым келетін 156 көшесі қолмен санитарлық тазаланса, осы көшелердің 129-ында механикалық жолмен тазалау жұмыстары жүреді, — деп атап өтті Бейсенбек Жанбосынов.. Яғни, қыста қардан тазаланып, тұз араласқан құм себілсе, жазда көше жуылып, су себіледі. Бұл жұмыстарды 4 мекеме: «ЛТД Тұрмыс», «Югдорсервис», «СМД» және «Бәйтерек ЛБ» мекемелері атқаруда.
Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша қосымша баяндама жасаған «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС директорының орынбасары Оразалы Шыршықбаев, «Жасыл қала» ЖШС директоры Нұрхан Егізбаев жасыл желекті егу және күтіп-ұстау бағытында қолға алынған жоспарлы жұмыстары мен өзекті мәселелерін де атап көрсетті.
Ғабидолла Әбдірахымов сала мамандарына қаланың демалыс орындарын – саябақтарды, гүлзарларды, аллеялар мен қала меншігіндегі аялдамаларды қысқа уақытта ретке келтіруді тапсырды. Айта кету керек, қаладағы мыңға таяу аялдаманың 400-і жеке меншіктің иелігіне жатады. Бұл үшін кешенді жұмыс жоспарын әзірлеу үшін 2 апта уақыт мерзімін белгіленді.
— Балаларға арналған және спорттық алаңшаларды көбейту жұмыстарының қарқынына серпін берген жөн, — деді қала әкімі. – Сондай-ақ, тұрғындар қаланың орталық көшелері мен аулаларында жарықтандыру қызметінен тапшылық сезінбеуі тиіс.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қала әкімі тиісті сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.