Қазығұртта лимон өсіріле бастады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қақпақ ауылының тұрғыны Оспанәлі Таңсықбаев былтырдан бері көлемі 57 соттық жылыжайға лимон көшеттерін отырғызып, баптап келеді. Тез жерсінген цитрустық көшеттер алғашқы нышанын көрсетіп, өткен жылы мол өнім берді.
Егістікке отырғызылған 640 түп көшеттің әрқайсысынан шаруа 17-18 келі төңірегінде өнім жинағанын айтады. Нәтижесінде 11 тонна лимон ішкі нарыққа шығарылды. Кәсібінен нәсіп тапқан шаруа биыл жылыжайының көлемін 6 соттыққа ұлғайтып, лимон өнімін жылдағыдан көп алуды жоспарлап отыр.
Айта кеткен жөн, цитрустық өнімді өсірумен айналысатын О.Таңсықбаев сынды шаруа ауданда, әзірге, жалғыз болып тұр. Жалпы, Қазығұрт ауданында жылыжай көлемі 82,8 гектар алқапты құрайды. Оның 40 пайызына, яғни, 32,31 гектарға қияр егілсе, жартысында (41,1 гектар) қызанақ өсіріледі. Ал 8,22 гектарында болгар бұрышы өсірілуде.
2016 жылдың 5 айында Қазығұрттағы жылыжай көлемі артып, жаңадан 3,5 гектар жылыжай салынды. Жыл соңына дейін оның көлемін тағы 3,5 гектарға ұлғайту жоспарлануда.