Ақтөбеде антитеррорлық операция кезінде қайтыс болған оңтүстікқазақстандық жауынгер Досбол Сапардың денесі туған жерінде жерленді. Боздақ Шардара ауданы Көксу ауылында дүниеге келген. 1997 жылы туылған жігіт Ақтөбе қаласындағы №6665 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген болатын.
Өкініштісі, міндеттік мерзімінің аяқталуына бірер ай қалғанда содырлардың қолынан қаза тапты. Досболдың мәйіті ұшақ арқылы туған жеріне жеткізілді. Сарбаздың денесін әскерилер мен құзырлы орган өкілдері әуежайдан күтіп алып, Көксу ауылына шығарып салды. Батыста ерлікпен бақилық болған жауынгердің мәйіті бүгін жер қойнауына тапсырылды.
Марқұмның отбасына көңіл айтқандардың арасында облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен Қазақстанның ұлттық гвардиясының бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов та бар.
— Жастығына қарамай жауынгер әскери борышын өтеу кезінде қайсарлығы мен отансүйгіштік қасиетін таныта білді. Досболдың өлімі — отбасына ғана түскен ауыр қаза емес, — деді Бейбіт Бәкірұлы. — Бұл — бүкіл Оңтүстүстік жұртына және күллі Қазақстан халқының жүрегіне түсіп отырған үлкен қайғы. Ол өзінің соңына өшпес із қалдырды. Оның жарқын бейнесі біздің жадымызда әрдайым сақталады.
Өңір басшысы Досбол Сапардың есімімен туған ауылындағы көшелердің бірін атау туралы мәдениет министрлігіне ұсыныс айтамыз десе, ұлттық гвардия басшылығы 19 жасар жауынгерді ерлігі үшін мемлекеттік марапатқа ұсынамыз деп отыр. Бұған қоса жауынгердің отбасына облыс әкімдігінің атынан 5 млн теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі.