23 маусым күні -мемлекеттік қызметшілер күні. Осыған орай Оңтүстікте салтанатты шара өтті.
Алдымен Шымкенттегі «Түркістан» сарайында өткен мерекелік бағдарламаға қатысқан өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов мемлекеттік қызметшілерді атаулы күнмен құттықтады.
— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасымыздың салиқалы саясатын жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілердің қосқан үлесі зор. Қазір біз кадрлық саясат бағытында тың өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Кадр таңдауда басты үш қағидатқа сүйенетін боламыз. Олар — отансүйгіштік, кәсібилік және адамгершілік. Осы үш қағидат бойынан табылатын үміткерлер мемлекеттік қызметші деген мәртебеге ие болып, қызметте жоғарылай алатын болады, — деді аймақ басшысы.
Мерекелік шара барысында бірқатар үздік мемлекеттік қызметші «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің, облыстық мәслихат хатшысының, мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының алғыс хаттары және грамоталарымен марапатталды. Бірқатарына ОҚО кәсіподақ комитетінің «Еңбек озаты» төсбелгісі берілді.
Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында 15 ұлт пен ұлыстың өкілдерінен құралған 8730 азамат мемлекеттік қызметші ретінде жұмыс істейді. Олардың 30 пайызын әйел азаматтары құрайды.
Ал Шымкент қаласында 500-ден астам мемлекеттік қызметші бар. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов оларды төл мерекесімен құттықтап, 40-қа жуық маманға алғыс хат табыстады.
— Мемлекеттік қызмет – әр ел үшін өте маңызды институт. Елдің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне мемлекеттік қызметшілердің қосар үлесі зор. Сондықтан қаланың дамуына атсалысып, білім мен жігерін елдің қалыптасуына арнағандарыңыз үшін алғысымды білдіріп, мерекемен құттықтаймын. Халық алдындағы міндетімізді барынша жауапкершілікпен атқаруға шақырамын, — деді қала әкімі Ғ. Әбдірахымов.
Қала басшысы мемлекеттік қызметшілерді спортпен тұрақты түрде айналысуға шақырып, қаладағы ең танымал үш фитнес-клубқа 30, 35 және 50 пайыздық жеңілдік картасын сыйлады. Бұл күні мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған мамандар ант қабылдады. Жиынның соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.