Ел тыныштығын күзетіп, бейбіт күнде жан тапсырған сақшыларға құрмет! Сайрам ауданында қызмет бабында қайтыс болған полиция қызметкерлеріне арналып ескерткіш ашылды. Құлпытасқа жиырмаға жуық тәртіп сақшысының есімі қашалып жазылған.
Ел тыныштығын күзеткен тәртіп сақышыларына қойылған ескерткіш басына жиналғандар көп болды. Марқұм болғандардың туған-туыстары, достары және бір ортада қызмет еткен қатарластары қалмай келген. Солардың ішінде Мафруза Есенбекова да бар. Ол — ерлікпен қаза тапқан полицейдің жесірі. Күйеуінің есімі қашалып жазылған ескерткішке ұлын да ерте келді.
Мафруза Есенбекова: «Полиция қызметкерлерін Қазақстан полициясы күні мерекесімен құттықтаймын. Қазір қызметте жүрген тәртіп сақшыларына әділдік пен жауапкершілік, бейбіт Қазақстанда қызмет атқаруларын тілеймін. Бізді ұмытпаған Сайрам аудандық ішкі істер бөлімінің басшыларына рахмет айтамын. Біздің елімізде әрқашан бейбітшілік пен тыныштық болсын!»
Тәртіп сақшыларына арналған ескерткіште 20-ға жуық полицейдің есімі жазылған. Олардың барлығы Сайрам ауданына қарасты полиция бөлімінде қызмет еткен. Бейбіт күнде марқұм болған азаматтар ел алдындағы борышын адал өтеген.
Бауыржан Есенов, Сайрам аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары: «Полиция қызметкерлерінің жұмысы ешуақытта оңай болмаған. Дәл осы жауынгерлер — денсаулығын және балаларын ойламастан, тәртіп жолында қайтыс болған жандар. Біз олардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз.»
Шара соңында осы салада қызмет атқарып жүрген үздіктер марапатталып, жас полицейлер отан алдында қызмет етуге ант қабылдады.
Қазақстан полициясы күнін мемлекеттік күзет басқармасының өңір қызметкерлері де атап өтті. Салтанатты жиын қызмет барысында қаза болған азаматтарды еске алу шарасынан басталды. Ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Елдің тыныштығын сақтауға алдына жан салмайтын сала мамандарының үздіктері марапатталды. Еңбегі еленген бірқатарының шені өсіп, мерейі үстем болды.
Ғалымжан Кенжебек