Отырар ауданында қамыстан құрылыс материалдары шығарылады

420
Отырар ауданында қамыстан құрылыс материалдары шығарылады

Отырарлық кәсіпкерлер қамысты кәдеге жаратуды қолға алды. Ауданның Қарғалы ауыл округінде орналасқан «Ақмерген» ЖШС жаңашыл жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті жерде көп өсетін табиғи қамысты пайдаланбақ. Осы орайда теңдесі жоқ бұл өндіріс түрі республика бойынша Отырар ауданында ғана қолға алынып жатыр.

Аталған жоба «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында индустриалды картаға енген. Осы мақсатта жалпы құны 622,3 млн теңгені құрайтын кәсіп түріне «Өндіріс — 2020» бизнесті қолдау бағдарламасы аясында 320 млн теңге жеңілдетілген несие берілген.

Отырар ауданында қамыстан құрылыс материалдары шығарылады

Қазіргі таңда мұндағы құрылыс жұмыстары бітіп, цехтың құрылғылары орнатылуда. Өндіріс орнына қамыс оратын, жинайтын және өзге де қажетті техникалар алынған. Жоба 2017 жылы толық іске қосылады деп күтілуде. Жылына 750 мың шаршы метр өнім өндіруге қауқары бар цех іске қосылғанда жергілікті 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Ал кәсіпорыннан шығарылған қамыс плиталары жиһаз жасау, ғимараттардың ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары мен қаптау үшін қолданылатын болады.

Отырар ауданында қамыстан құрылыс материалдары шығарылады

Жоба жетекшілерінің айтуынша, нарыққа шығарылатын бұл өнімдер Ресей, Қытай материалдарынан арзан әрі сапалы болмақ. Дайын өнімдерге қазірдің өзінде қызығушылық артып, тапсырыс берушілермен алдын ала келісімдер жасалып қойылған.

Отырар ауданында қамыстан құрылыс материалдары шығарылады

Таяуда құрылыс нысанының жұмысымен танысып қайтқан аудан басшысы Е.Айтахановқа «Ақмерген» ЖШС басшылығы мемлекет тарапынан электр желісін жеткізуге ықпал етуге өтініш жасады. Мәселеге қаныққан аудан әкімі бұл түйткілді шешуді кәсіпкерлік бөліміне тапсырды.