Шымкент әкімі «Алтын белгі» иегерлерін марапаттады. Ғабидолла Әбдірахымов ҰБТ барысында жоғары нәтиже көрсетіп, ұстаздарының сенімін ақтап шыққан «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлерін салтанатты жағдайда марапаттады. Келешегінен зор үміт күттіріп, еліміздің ертеңіне баланатын жас түлектерге жүрекжарды құттықтау лебізін жеткізді.
— Сіздер Елбасының күткен талап үдесінен көріне отырып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына лайықты үлес қостыңыздар деп білемін. Біз қашанда осындай дарынды жастарымызды мақтан етеміз, — деді Ғабидолла Әбдірахымұлы.
Айта кетейік, биыл қала аумағында 6430 жас түлек мектепті аяқтап, ересек өмірге қадам басты. Олардың қатарында 47 мектеп бітіруші түлек үздік аттестат иегері атанса, 92 шәкірт «Алтын белгі» төсбелгісіне қол жеткізді.
Жалпы, ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша Шымкент қаласының мектеп бітіруші түлектері жоғары нәтиже көрсетті. Орта көрсеткіші 82,61 балды құрап, нәтижесінде облыс аумағында екінші орынға ие болды.
Ең жоғарғы 125 балдық көрсеткішке шымкенттік 4 түлек қол жеткізді. Сондай-ақ, 14 түлек 124 балл жинады. Салтанатты шара барысында жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік қойылымдар қойылып, үздік шыққан түлектерге естелік сый-сияпаттар табыс етілді.