Шымкент қаласының әкімі гимназия мұғалімдерінің біліктілігін зерделеуді тапсырды. Бұл туралы Ғабидолла Әбдірахымов әкімдік мәжілісінде айтты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Жиналыста ҰБТ-ның қорытынды нәтижесі жан-жақты талқыланды. Күн тәртібіне сәйкес баяндама жасаған қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева шымкенттік түлектердің орта көрсеткіші 82,6 балды құрағанын атап өтті. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент облыс аумағында екінші орынға ие болып отыр.
Дегенмен, Жанат Тәжиева қаланың бірқатар гимназиялары тестілеу нәтижесінде жай мектептерден төмен көрсеткіш көрсеткенін жасырмады. Әсіресе, Қазақстан тарихы, география, биология, дүниежүзі тарихы пәндерінен білім сапасы айтарлықтай төмендегені байқалады. Сондай-ақ, қаланың 2 мектебінде ҰБТ тапсырған оқушыларының 25 пайызы шектік деңгейге жетпеген. «Алтын белгіге» үміткер 183 түлектің 96-сы ұстаздарының күткен үмітін ақтап шығыпты.
Осы орайда қала әкімі гимназия және лицей дәрежесіне ие бола отырып, деңгейінің төмендігін байқатқан мектеп мұғалімдерінің біліктілігіне сараптама жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар Ғабидоллла Әбдірахымов ата-аналар мен ұстаздар қауымын жоғары нәтижеге қол жеткізе алмаған балаларды кінәламауға шақырды.