Түркістан өлкесінің өңір тұрғындары жергілікті биліктің қасиетті айда ұйымдастырып жатқан игі істерінің жалғасына куә болды. Түркістан қаласының әкімдігі шаһардағы халық тығыз орналасқан «Сауран» шағынауданында 500-ге тарта тұрғынның басын қосып, ауызашар өткізді.
Түркістан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында арзан бағада азық-түлік жәрмеңкесі өтсе, кешкісін аулаға шығып, асыр салған балғындарға 1000 балмұздақ тегін таратылды. Бұған қоса 3 тонна қарбыз да тұрғындарға ақысыз үлестіріліп, сауапты іс еселене түсті.
Қала билігі қайырымдылық шарасында мұнымен шектеліп қалмаймыз деп отыр. Алдағы күндері игілікті шара қаланың халқы көп шоғырланған екі аймағында өтпек. Соның бірі Тоқаш Бокин көшесінің бойындағы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында ұйымдастырылса, Рамазан айындағы үшінші ауызашар рәсімі «Түркістан Ахмет Ясауи» мешітінде өтеді.