Ауыл жұртшылығы мәз-мейрам. Тозығы жетіп, жарамсыз боп қалған ұңғымадан таза су шықты. Жобаның бірінші кезеңін аяқтаған «Өгем» қоғамдық бірлестігі былтыр БҰҰ-ның «Жасыл экономика» қағидатын іске асыру мақсатында бөлінген 45 мың доллар грантын ұтып алған. Қаражаттың тең жартысын игерген жоба жетекшілері бүгінде 84 метрден су шығарып, бүкіл бір ауылды тіршілік нәрімен қамтитын нысанды іске қосты. Келер жылы күн мен жел энергиясынан қуат алатын қондырғылар орнатып, жұртшылықты арзан суға қарқ қыламыз дейді тың бастаманы қолға алғандар.
Ауылдың байырғы тұрғыны Гүлайша Зиятбекова күн сайын әудем жерден су тасиды. Құдық суынан мезі болған тұрғын ауыл жұртшылығының бүгінде тұтынып отырған тіршілік нәрі сапасыз дейді. Айтуынша, талапқа сай келмейтін ауызсудың салдарынан дерт дендеп, балалар аурушаң болып алған.
Кеңес дәуірінен су жүйесі жаңартылмағандықтан, бүгінде тың жоба аясында қолға алынған тіршілік көзін үйді-үйге тартып беру мүмкін болмай отыр. Жауаптылар су құбырына қаржы бөлінсе, келер жылы-ақ қалпына келтіріп беруге әзір. Айта кетейік, бүгінде Төле би ауданында 55 елдімекеннің төртеуі сапалы ауызсуға зәру.