Астана қаласында Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтті. Астаналықтарға қала күніне орай тарту жасаған Оңтүстік жұрты жалпы құны 158 млн теңге болатын 374 тонна өнім ұсынды.
Жәрмеңкеде 50-ден астам тауар өндірушілердің өнімдері базар нарқынан 10-15 пайызға арзан сатылды. Олардың ішінде 69 тонна ет пен ет өнімдері, 141 тонна көкөніс, 33 тонна жеміс-жидек, 17 тонна картоп пен 7 тонна сүт өнімдері, 5 тонна шұбат, 25 мың дана жұмыртқа, 50 тонна бақша өнімдері мен тағы басқа 27 тонна өнім бар.
Мереке қарсаңында ұйымдастырылған бұл жәрмеңкеге Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы Бейбіт Атамқұлов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев арнайы барып, сауда-саттық барысын аралап көрді.