Таяуда ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының бастауымен облыс аумағында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан әлеуметтік нысандардың сапасына, тапсыру мерзіміне және құрылысына мониторинг жүргізу жөнінде құрылған арнайы топ Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы мен сапасын тексерді.
Бүгінгі таңда Қазығұрт ауданында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 4 білім беру нысаны салынуда. Оның ішінде Қақпақ ауылындағы 300 орынды мектептің құрылысы 2015 жылдың маусым айында басталып, биылғы тамыз айында пайдалануға тапсырылады деп жоспарлануда.
Ал 2016 жылдың маусым айында салына бастаған Махамбет елдімекеніндегі Махамбет Өтемісұлы атындағы 300 орынды, Ынталы елдімекеніндегі 300 орынды және Қаржан елдімекеніндегі 300 оқушыға арналған мектептердің құрылысы 2017 жылдың маусым айында аяқталуы мүмкін.
Бұл білім ошақтары құрылысының жалпы құны 2 млрд 562 млн теңгені құрайды. Олар ел игілігіне берілгеннен кейін 1200 балаға білім алу мүмкіндігі ашылмақ.
Сонымен қатар Сарыағаш ауданда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 4 мектеп салынуда. Атамекен елдімекеніндегі Ахмет Байтұрсынов атындағы 300 орынды, Дастан ауылындағы 300 орынды білім беру нысандарының құрылысы 2015 жылдың маусым айында басталып, биылдың тамыз айында пайдалануға тапсыру жоспарланса, құрылысы 2016 жылдың маусым айында басталған Аққорған ауылындағы 600 орынды, Қанағат ауылындағы Төлеби атындағы 300 орынды мектеп 2017 тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл білім беру нысандарының жалпы құны 6 млрд 288 млн теңгені құрайды.
Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында құрылысты аралап шыққан Дархан Сатыбалды тапсырыс беруші, мердігер мекемелер мен техникалық қадағалаушыға құрылысты бекітілген кестеге сәйкес, сапалы және мерзімінде аяқтауды атап тапсырды.