Тұрақты комиссия мүшелері Арыс ауданы аумағындағы карьерлерді де байқап қайтты. Облыстан комиссия келеді деген ақпарат алдын ала жеткен бе, әлде шілдедегі шаңқай түс мезгілі болғандықтан ба — мұнда жұмыс тоқтап тұр.
Дегенмен, бұл құбылыстың уақытша екені де байқалады, себебі, жақын арада өңделген құм үйіндісі және осындағы қаз-қатар тізілген техникалар мен жанар-жағармай ыдыстары бұрыннан тұрғанға ұқсамайды десті тексерушілер. Облыстық табиғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурстар басқармасы өкілінің мәлімдеуінше, кәсіпкердің бұл істі жүргізуге қатысты лицензиясы осыдан алты жыл бұрын алынған.
Ал құрылыс материалдары тиелген КамАЗ жүк көліктері бұдан алдыңғы карьерден шыққан. Түсіру тобын көрген бетте жүргізушілер күре жолға беттеді. Алысқа бармасы да анық, себебі, сатып алушыларды күтеді.
Тұрғындардың айтуынша, мұнда бір КамАЗ құм 50 мың теңге тұрады екен. Бір сағаттың ішінде комиссия мүшелері дәл осы орыннан құм-тас тиелген 20 көлікті байқапты.