Жыл басынан бері Мақтааралда 8 елдімекен ауыз сумен қамтылды. Тәулік бойы тіршілік нәрі беріліп жатқан ауылдардың ішінде Сәкен Сейфуллин, Құлшығаш, Жамбыл ауылдары да бар.
2015 жылы ауыз суды көрші ауылдардан тұтынып отырған Андреев, Алпамыс, Достық, Сырабад, Ғ.Мұратбаев, Абай, Абат, Атамұра, Қарақыр сынды 9 елдімекеннің халқы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. Нәтижесінде бүгінге дейін аудандағы 24 сағат бойы таза ауыз су беріліп жатқан елдімекендердің саны 64-ке жетті.
Елдімекендерді тіршілік нәрімен қамту жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бүгінгі таңда Мырзашөлдегі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 355 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, Нұрлы таң, Ырысты, Қ.Пернебаев, Табысты, Октябрь, Датқа, Дархан, Сайлау, Нұр, Тың дала, Көкарал, Азат ауылдарындағы тозығы жеткен су құбырлары жөнделіп, су есептегіш құралдары орнатылуда.
Мақтааралдағы жер асты су қорының мөлшерін, сапасын, жарамдылығын анықтау мақсатында 2015 жылы 26 елдімекенде геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілсе, 2016-2017 жылдарға 19 елдімекеннің жерасты су қорына іздеу-барлау жұмыстарына қаржы бөлдіруге салалық басқармаға ұсыныс беріліп отыр.
Жалпы, халқы күн санап өсіп жатқан Мақтаарал ауданындағы 174 елдімекенде ұзындығы 1885 шақырым болатын қолданыстағы су құбыры бар. Бұл су құбырларында 225 дана ауыз су ұңғысы, 165 су мұнарасы мен 12 су сақтағыш және санитарлық қорғау аймақтары халық игілігіне жұмыс істеп тұр.