Оңтүстіктегі «Майлыкент-Сүт» зауыты тәулігіне 3500 тонна сүт өңдейді. Кәсіпорында майсыз сүттен бастап йогурт, айран, ірімшік сияқты 12 түрлі өнім дайындалады. Бұл үшін серіктестік жергілікті 4 шаруа қожалығынан күніне 5 тоннадай сүт жинайды. Өнімнің әр топтамасы арнайы сараптамадан өтіп, жарамдылық көрсеткіші қатаң қадағаланады, дейді зауыт мамандары.
Мұнда шығарылатын табиғи тауардың жарамдылық мерзімі — 7 күнге дейін. Дайындалатын сүт өнімдері негізінен жергілікті әлеуметтік мекемелерге жіберіледі. Отандық тауарлар, сондай-ақ, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысындағы сауда орталықтарына сұраныс бойынша тасымалданады.
Ниязбек Сауытбеков, «Майлыкент» АӨК өкілі: «Зауыттың жұмыс істегеніне екі жыл болды. Алғаш жұмысымызды бастағанды қатты қиналдық. Өйткені сұраныс аз еді. Тіпті, дүкендерге тегін беріп кететінбіз. Ал қазіргі кезде, Құдайға шүкір, жұмысымыз жақсы дамып келеді. Сұраныс та жақсы. Тіпті кейбір клиенттер арнайы зауытты іздеп келіп, тауарларымызды қай дүкенде алуға болатынын сұрап жатады «
Кәсіпорын «Даму» қорының тарапынан қаржылай көмек алған. Жеңілдетілген несие арқылы мұнда қажетті жабдықтар мен құрылғылар орнатылған. Қарқынды дамып келе жатқан зауыт алдағы уақытта тәулігіне 5 тоннаға дейін сүт өнімдерін өңдеуді жоспарлап отыр.