Мемлекеттен баспана алуға құжат жинау басталады

334
фото Ашық дереккөзден

Баспана кезегінде тұрған азаматтар назарына! Мемлекеттен пәтер алу үшін құжат дайындау басталды.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі хабарлайды. 2016 жылдың 11-22 шілдесі аралығында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» бағыты бойынша Асар шағынауданында соғылған үйлерден тапсырылатын 900 пәтерге өтініш қабылданады. Өтініштердің «Е-gov» порталына тіркелуін ЭЦҚ кілті арқылы әрбір қатысушы өзі қамтамасыз етеді.

Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтерлердің шаршы метрі ОҚО бойынша 110 мың теңгені құрады. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін қалалық тұрғын үй алу тізімінде 10787 азамат кезекте тұр.

Осыған дейінгі КИК бағыты бойынша құжаттарын тапсырған, бірақ үй ала алмаған азаматтар қайтадан өтініштер мен құжаттарын «Е-gov» порталы арқылы тапсыруы қажет. Өтініштер мен құжаттардың электронды түрде тапсырылуы бойынша кеңес халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «Е-gov» пунктерінде және Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінде (Желтоқсан көш., 18-үй, 203-кабинет) беріледі.

«ҚИК» бағыты бойынша қатысу үшін баспанаға мұқтаж азаматтар жергілікті атқарушы органда төмендегі санаттар бойынша кезекте тұруы тиіс:

— Көп балалы отбасылар;
— Толық емес отбасылар;
— Мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар;
— Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
— Оралмандар;
— Мемлекеттік, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың ,бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы берілетін пәтерлердің сипаттамасы:

Мекенжайы: Асар шағынауданы (900 пәтер)
1 бөлмелі 300 пәтер, жалпы алаңы — 42 шаршы метр;
2 бөлмелі 300 пәтер, жалпы алаңы — 54 шаршы метр;
3 бөлмелі 300 пәтер, жалпы алаңы — 74 шаршы метр.

Пәтерлердің сату тетігі: 20 жылға сатып алу құқығымен жалға беру. Бір шаршы метрдің 1 айға жалға беру құны — 840 теңге.

Өтініш және құжаттар электронды нұсқада тапсырылады:

1) Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;

2) Неке қию (некені бұзу), жұбайының/зайыбының қайтыс болуы туралы, балаларының туу туралы куәліктері, өтініш берушінің некеде тұрмайтыны туралы өтініш;

3) Өтініш берушінің және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл көлемінде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша меншік құқығы бар үйінің немесе кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы анықтама;

4) Өтініш берушінің және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің тиісті елдімекенде тұратынын растайтын тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мекенжай анықтамасы;

5) Өтініш берушінің және жұбайының жұмыс орнынан анықтамасы;

6) Отбасы мүшелерінің мүгедектігін немесе кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрінің болуын растайтын анықтама;

7) Бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтте кезектілік нөмірін көрсете отырып, тұрғын үйге мұқтаждардың есебіне қою туралы анықтамасы;

8) Өтініш иесінің табыстар алғанын растайтын анықтама.