Шымкентте із-түссіз жоғалып кеткен 33 жастағы азамат отбасымен байланысқа шықты, деп хабарлайды ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Кривошапкин Александр Александрович есімді жігіт 20 шілде күні жоғалған болатын.
21 шілде күні Абай полиция бөліміне 33 жастағы азаматша арызданып келді. Ол 20 шілде күні 15:15-те күйеуі, 33 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны Кривошапкин Александрдың жұмысқа шығып кетіп, қайта оралмағанын айтады. Александрдың қолындағы сөмкеде 800 мың теңгедей ақшасы болыпты. Оны жұмысшылардың жалақысы деп айтқан екен.
Полицейлер дереу А.Кривошапкинді іздеуге кірісіп кетті. Осы мақсатта ішкі істер департаментінің тәжірибелі қызметкерлерінің қатысуымен топ құрылып, жоғалған азаматтың фотосуретімен бағыттама беріледі.
Енді, міне, хабарсыз кеткен азаматтың дерегі шықты. Александр Кривошапкин өзін іздеп жатқаны туралы ақпаратты БАҚ беттерінен біліп, өзінің отбасына Шымкентте тұратын танысы арқылы байланысқа шығады. Айтуынша, Ресейде жүр. Әйеліне сәлем айтып, өзінің дені сау екенін білдіреді. Бір қызығы. жолған азамат келіншегіне полициядан өзін іздеу туралы арызды алуын өтініпті.
Дегенмен, криминалдық полиция қызметінің өкілдері Александр Кривошапкиннің қай жерде екені анықталмайынша немесе полицияға өзі келмейінше іздеу жұмыстарын жалғастырады деп хабарлайды ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, жедел іздестіру нәтижесінде хабарсыз кеткен азаматтың автокөлігін полицейлер Шымкенттегі Айбергенов көшесінде орналасқан үйлердің бірінің ауласынан тапты. Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның орын алу барысы мен себептерін анықтауда. Тексеру жұмыстары жалғасуда.