Шымкентте аса ауыр қылмыс азайды. Бұл туралы қалалық ішкі істер басқармасының криминалды полиция бөлімі хабарлайды.
Тәртіп сақшылары келтірген мәлімет бойынша шаһар аумағында биылғы 6 ай көлемінде былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда аса ауыр қылмыс — 37 пайызға, адам өлімі — 41 пайызға, қарақшылық — 40 пайызға, әйел зорлау — 31 пайызға, бұзақылық — 13 пайызға, пәтер ұрлығы — 7 пайызға, ал мал ұрлығы 15 пайызға төмендеген.
Жыл басынан бері қалалық құқық қорғау қызметкерлерінің іздестіруі нәтижесінде қала аумағында автокөліктерді заңсыз айдап әкетіп, автокөліктердің салонынан бағалы заттар мен бөлшектерін ұрлаумен айналысып жүрген 19 қылмыстық топ және қалта ұрлығы бойынша 3 топ ұсталды. Қазіргі таңда олардың кінәсі дәлелденіп, қылмысты істер сотқа жолданды дейді полиция өкілдері.
Сонымен қатар қаладағы «Автонұр», «Қырғы базар», «Самал» базарларында қалта ұрлығына байланысты полиция құрылымдары тарапынан қылмыстың алдын алу, болдырмау мақсатында рейд ұйымдастырылуда.
Полиция қызметкерлерінің тағы бір жаңалығы, ішкі істер министрлігі және Қазақстандағы ұялы байланыс операторларымен арадағы жасалған келісім-шартқа орай ұрланған ұялы телефондарға арнайы арызбен бұғат қойылады.