Шымкенттің полицейлері көрінеу жалған мәлімет берді деген күдікпен жергілікті екі азаматшаны ұстады. Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 12 шілде күні болған.
Сол күні Әл Фараби полиция бөліміне жедел медициналық жәрдемнің кезекші бөлімінен хабарлама түсті. Дәрігерлердің хабарлауынша, 103 сымтетігіне белгісіз әйел кісі қоңырау соғып, Сәуле шағынауданындағы Бауыржан Момышұлы көшесінде жас жігіттер 23 жастағы ұлын өлімші етіп ұрып кеткенін айтқан екен.
Шақыруға жеткен жедел медициналық жәрдемнің екі бригадасы көрсетілген мекенжайды және жәбірленушіні таппайды. Содан полицияға хабар береді. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары Сәуле шағынауданындағы көрсетілген мекенжайдың жоқ екенін анықтайды.
Бұл жайт Әл Фараби полиция бөлімінің сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, қылмысты кодекстің 106-бабы бойынша (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) іс қозғалады. Ары қарайғы жедел іздестіру барысында қылмыс туралы жалған мәлімет жеткізді деген күдікпен Шымкенттің 35 және 30 жастағы тұрғындары ұсталды.
Сұрау салу барысында күдік азаматшалардың бірі медбике екені анықталды. Олар спиртті ішімдік ішіп отырып, мас халде жедел медициналық жәрдемге қоңырау соғып, болмаған қылмыс туралы жалған мәлімет берген екен.
Қазір тергеушілер қылмысты кодекстің 419-бабы бойынша (көрінеу жалған сөз жеткізу) іс қозғады. Күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілген. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.