Шымкентте оқу-жаттығу гранатасы табылды

380

Шымкентте сот ғимараты жанынан граната табылды. Ол оқу-жаттығу құралы болып шықты, деп хабарлады ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

25 шілде күндізгі сағат 11:30 шамасында Әл Фараби полиция бөлімінің кезекшісіне суыт хабар түсті. Қоңырау шалғандар Майлықожа көшесіндегі қоқыс жәшіктерінің бірінен полиэтилен пакетке оралған гранатаға ұқсас белгісіз зат табылғаны туралы хабарлаған.

Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер сол маңды қоршауға алып, сол аумақтағы тұрғындар мен жаяу жүргіншілерді қауіпсіз жерге көшірді. Ал саперлердің тексеру нәтижесінде табылған заттың РГД-5 гранатасына ұқсас, оқу-жаттығу құралы екені анықталды.

Бұл жайт Әл Фараби полиция бөлімінің сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, қылмысты кодекстің 287-бабы бойынша (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) іс қозғалды. Сараптама тағайындалды.