Шымкентте тағы бір сәби суға тұншығып қалды. Қайғылы жағдай 30 маусым күні кешке болған. Қошқарата өзеніне құлаған үш жасар баланың денесін құтқарушылар тапты.
Куәлердің айтуынша, екі жасар бала арықтың үстіне көпірдің қызметін атқарып тұрған тақтайшадан құлап кеткен. Алғашқы іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң, құтқарушылардың екінші жасағы жұмылдырылды. Өзеннің тұрмыстық қалдықтармен және бұтақтармен ластануы іздеу шараларын жүргізуге кедергі келтірді. Соны тазалауға біраз уақыт кеткен.
ОҚО ТЖД бөлім басшысы Бақытқали Есеркеповтің сөзіне қарағанда, іздеу жұмыстарына 40 құтқарушы мен 8 техника тартылды. Сонымен қатар құтқарушыларға 50 полиция қызметкері көмектесті.
Түнгі сағат 23:30 шамасында құтқарушылар баланы тапты. Өкінішке қарай, сәбиді құтқару мүмкін болмады. Еске сала кетейік, осыдан бір күн бұрын 4 жасар қыз суға батып кеткен болатын.
Ернар Балабеков