Шымкентте жаңатудан өткен үйлер жаңартылмаған. Керісінше, жөндеу жұмыстары туғызған кедергі көп. Жаңартылды деген үйдің есік-терезесі қисайып, шатыры құлауға шақ тұр.
Сапасыз құрылысқа ашынған халық жөндеу жұмыстарына кеткен шығынды төлеуден бас тартып отыр. Ал облыстық сот тұрғындар қаржы төлеуі тиіс деп шешім шығарып берген.
Темірлан тасжолы бойындағы №54 үйді жөндеуге қазынадан 15 млн теңге бөлінген екен. «Сандуғаш Құрылыс» серіктестігі құрылысты өз мойнына алып, жөндеу жұмыстарын толығымен тиісті қаржының 6 млн теңгесіне мерзімінен бұрын орындап қойған.
Біткен іске көңілі толмай, қаржысын төлеуден бас тартқан тұрғындарды сотқа да беріпті. Сот құрылыс компанияның жұмысын дұрыс деп тауып, халықтың сыртынан төлемді төлеуі қажет деген шешім шығарыпты.
Мұхтар Мұхамеджан, «Тұрғын үй-Шымкент» ЖШС директоры: «Сотта бізге тіркелмеген құжаттар көрсетілген. Құрылыс компаниясының өкілдері көрсеткен құжаттарды судья мырзаға бізде тіркелмеген десек те, құжаттары дұрыс болып шықты. Мұны істен алып шығыңыз десек те соттан бізді ешкім тыңдамады. Тұрғындар — басты тапсырысшылар, біз ортада жүрген әкімшілік қызметкеріміз десек те сотқа тұрғындарды кіргізбеді. Арызды мойындамадық деп жазсақ, олар мойындады деп жазып қояды. Бұған дейін мемлекеттің қаржысына мұндай жауапсыздық болмаған.»
Соттан қайыр таппаған тұрғындар облыс басшысынан көмек сұрап келді. Бірақ, әкімді орнынан таба алмады. Облыс әкімшілігіне келген халықтың жанайқайына құлақ асар жауаптылар табылмады.
Дегенмен, жергілікті тұрғындар бұл мәселенің оң шешім табатынына сенімді. Тіпті облыстық сотқа қайта арыз жазып, салғырттық танытқан «Сандуғаш Құрылыс» ЖШС жауапқа тартуды сұрамақ. Бірақ, соттың екі рет құрылыс компаниясының пайдасына шешім шығарғанын ескерсек, халықтың коммуналды төлемді қайтарудан басқа амалдары жоқ.