Қазақ театры орны толмас қазаға ұшырады. Оңтүстіктегі Жұмат Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының абыз актері, театр тұлғасы, Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, театр жəне кино актері Ошат Рахымов дүниеден озды.
Театр майталманы 1939 жылы 8 шілдеде, ОҚО Сайрам ауданында дүниеге келген. 1970 жылы М.Әуезов театры жанындағы театр студиясын тәмәмдады. 1980 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасы, республикалық, халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты, КСРО мәдениет министрі мен мәдениет қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің медалімен, 1988 жылы Өзбекстан мәдениет министрі мен кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен, 1991 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртісі» орденімен марапатталған. Сайрам ауданының «Құрметті азаматы».
Театр тарланы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасында — Қозының, «Қыз Жібекте» — Бекежанның, «Ақан сері – Ақтоқтыда» — Ақанның, Хазіреттің, М.Әуезовтың «Абайында» — Оразбай, Жиренше, Әбдірахман, «Еңлік – Кебекте» — Көбей би, «Айман – Шолпанда» — Жарас, Балпық, «Қарагөзде» — Нарша, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» — Бүркіттің, «Шохан Уәлихановында» — Жақыптың, В.Шекспирдің «Асауға тұсауында» — Люченционың, «Ромео- Джульеттада» — Капулетти, «Юлий Цезарда» — Брут, Шиллер, «Зұлымдық пен махаббатта» — Фердинанд, Қ.Мұхамеджановтың «Біз періште емеспіз» қойылымында — Сәкеннің, «Жат елде» — Асан, Жұман, Х.Бекхожиннің «Ұлан асуында» — Барақ және тағы да басқа әр түрлі мінездегі бейнелерді сомдады.
Театр тұлғасымен қоштасу рəсімі 6 шілде күні сағат 15:00-де, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында өтеді.