Қазығұрт ауданында көп қабатты үйлердің шатыры жөнделді. Ауданның Қазығұрт елдімекеніндегі Қонаев көшесі бойындағы №182, 184 және 186 үйлердің шатырлары әлдеқашан жарамсыз болғандықтан, көктем-күз болса төбеден тамшы ағып, тұрғындар әбден әбігерге түсетін. Ал бұл үш үйде 48 отбасы тұрады.
Пәтер иелерінің жағдайына құлақ асқан жергілікті кәсіпкерлер азаматтарға қол үшін беруді жөн көрді. Игі істің алғашқы бастамашылары болған «Шанырақ-ХХІ» серіктестігінің төрағасы Н.Құралов, «С.строй эксперт» ЖШС төрағасы Е.Әбдіразақов және «Компания Три-А+» компаниясының төрағасы А.Жанбосыновтар өз қаржылары есебінен үйлердің шатырын ауыстырып беруді жөн көріп, апта ішінде берген уәделерінің үдесінен шықты.
Негізінен аз қамтамасыз етілген мұқтаж отбасылар, жалғыз басты қарттар мен әйелдер және мүгедектер тұратын үй тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Көп жылдардан бері көктем-күз айларында және жауынды-шашынды күндері үй шатырынан су тамшылып, әбігерге түсіп, ауру-сырқаудан бас ашпайтын тұрғындар енді ауа райынан еш қаймықпаймыз деп қуанып отыр.