Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Оңтүстік халқын конституция күнімен құттықтады.
Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!
АтамқұловСіздерді еліміздің ата заңы – Қазақстан Республикасының конституциясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Осыдан 21 жыл бұрын, ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдады. Жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Сол күннен бастап ата заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.
Міне, жаңадан әлем картасында пайда болған мемлекеттің өң бойына қан жүгірткен ата заңымыз 21 жыл ішінде өзінің өміршеңдігін көрсетті. Конституцияның қабылдануы – Егемен еліміздің қалыптасу тарихындағы аса елеулі оқиғалардың бірі.
Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Конституция біздің бостандықтарымыздың негізіне айналды» деген болатын. Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция.
Қымбатты жерлестер!
30 тамыз – конституциясын құрметтейтін әрбір қазақстандық үшін ұлық мейрам әрі үлкен қуаныш. Сіздерді осынау мерейлі мерекемен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тiлеймiз!
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі — Бейбіт Атамқұлов