Оңтүстік Қазақстан облысындағы мұнай қоймасында орын алған алапат өртке қатысты екі бірдей бап бойынша қылмысты іс қозғалды. Оның бірі еңбекті қорғау ережелерін бұзуға қатысты 156-бап, ал екіншісі — абайсызда бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру дерегі бойынша 204-бап.
Әзірге бұл істер қандай да бір тұлғаға қатысты емес, тек орын алған фактіге байланысты қозғалды. Еске сала кетейік, 4 тамыз күні Шымкент түбіндегі мұнай сақтау базасынан алапат өрт шығып, соның салдарынан өндіріс орнындағы жүз жұмысшы қауіпсіз аймаққа шығарылған.
Қызыл жалын сыйымдылығы жоғары 15 резервуарға жақын жердегі сорғы стансасын да шарпыған. Абырой болғанда, адам шығыны мен жарақат алғандар жоқ. Ал өрттен келген миллиондаған шығынды комиссия мүшелері есептеп жатыр.