Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері салықтан 150,4 млрд теңге жиналды. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Алтынсары Үмбетәлиев мәлімдеді.
— «Жүз нақты қадам» ұлт жоспарының алғашқы тобының 4-қадамындағы шаралар кедендік декларациялауды жеңілдетуді, сондай-ақ импорттың соңғы тұтынушыға жетуін қадағалауды көздейтін жүйелерді интеграциялау және электрондық декларациялауды дамыту көздейді. Сауатты орындау шарты кезінде аталған шаралар кедендік ресімдеу рәсімін жылдамдатуға септігін тигізеді. Бұл, әсіресе, кәсіпкерлер үшін қолайлы өзгеріс болмақ,- деді А.Үмбетәлиев.
Қазақстанда мүліктер мен қаражаттарды рақымшылық жасау мерзімі 2016 жылдың соңына дейін ұзартылған. Осы орайда аталған бағыт бойынша жұмыстарды жандандырып, департамент пен облыс әкімдігі бірлесе мүлікті жария етуге байланысты медиа-жоспар құрып, халық арасында кеңінен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде бүгінгі күнге мемлекеттік кірістер органдары тарапынан, Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан жылжымайтын мүліктер бойынша 328 млн теңгені құрайтын 19 өтініш бойынша рақымшылық жасалды. Ал жыл басынан облысымыздың 146 азаматы 14,2 млрд теңгесін жария еткен.
Департамен басшысының айтуынша, 2016 жылдың 1-жарты жылдығына қойылған жоспар 139 пайызға орындалған. Бұған қоса сотқа дейінгі тергеп-тексеру бағытында сапалы жұмыстардың нәтижесінде заңсыз айналымнан 313 ойын құрал-жабдығы, 457 853 алкоголь және 11 188 контрафакті өнімі тәркіленген.