Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет Қазақстан президентінің кубогіне арналған футболдан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир бастауын алды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков шараны ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— 2008 жылы Алматы қаласында басталған бұл халықаралық турнир кейінгі 6 жылда Астана қаласында өтіп келді, — деді облыс әкімінің орынбасары. — Қазақстан футбол федерациясының ұсынысына орай біздің қолдауымызбен 2016 жылы турнир Шымкент қаласында өткізіліп отыр. Осы сәтті пайдалана отырып Қазақстан футбол федерациясы басшылығына облыс әкімі және облыс тұрғындары атынан шынайы алғысымды білдіремін.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай футбол федерациясының ұйымдастыруымен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан спорттық іс-шараға Албания, Әзербайжан, Иран, Рессей-2, Қырғызстан, Тәжікстан, Крузейро-Қазақстан және Қазақстан футбол командалары қатыспақ. Ал ойындар Тассай шағынауданындағы «БИІК» спорт кешенінде, күнделікті сағат 10:00-17:00 аралығында өтеді.
Халықаралық турнирдің жүлде қоры қомақты. Жарыс нәтижесінде 3-орын алған командаға 3 мың АҚШ доллары берілсе, 2-орын алған командаға 5 мың АҚШ доллары бұйыратын болады. Ал турнирдің жеңімпазына 7 мың АҚШ доллары дайын тұр.
Сондай-ақ, турнир аясында ұйымдастырушылар алқасы тарапынан «Үздік төреші», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік жартылай қорғаушы», «Турнирдің үздік мергені» және «Үздік ойыншы» аталымдары да белгіленген.
Айта кетейік, турнирдің ақтық ойыны 2016 жылдың 12 тамыз күні, сағат 17.00-де Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтеді.