Қазақстанның премьер министрі іс-сапармен күнгейге келді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Кәрім Мәсімовтің өңірлерге жұмыс сапары жалғасуда, деп жазады премьер-министрдің ресми сайты.
Премьер-министр алдымен әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстарымен танысып, Шымкент қаласындағы көлік инфрақұрылымы нысандарының қауіпсіздік жүйесін тексереді.
Премьер-Министрдің жұмыс кестесінде АӨК проблемаларына ерекше назар аударылған. Кәрім Мәсімов «Мемлекет» ӘКК мысалында жеке қосалқы шаруашылықтағы тиімді өндірісті қалай ұйымдастыру керек екені туралы жұмыс барысымен танысады. Оңтүстік өңірдегі агрокәсіпкерлермен кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер талқыланады деп жоспарланып отыр.
Білім беру саласындағы өзекті мәселелер жөнінде тағы бір кеңес өткізу жоспарланған. Мұнда Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева, БҒМ, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облысының, Астана және Алматы қаласының әкімдігі өкілдері қатысады.
Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта құру барысымен және нәтижелерiмен танысады. Зауытта өндірісті модернизациялау жұмысы 2017 жылы аяқталады деп күтілуде.