Оңтүстіктегі мектептер оқулықпен толық қамтылды. Облыстық білім басқармасының мамандары осылай деп хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2016 жылы жалпы облыс бойынша қажетті оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға және жеткізуге жергілікті бюджеттен барлығы 2,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға мемлекеттік сатып алу тәртібімен биылғы жаңа оқу жылында 1-сыныптардың жаңартылған білім беру мазмұнындағы оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері (бірінші сыныптың оқулығы — 10 дана), 4 сыныптың ағылшын тілі оқулығы, 8 сыныптарға арналған (8 сыныптың оқулығы — 18 дана) оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері мен 9 сыныптың дінтану оқулықтары алынды.
Қазіргі таңда оқулықтар толық жеткізіліп, білім беру мекемелерінде таратылуда. Сонымен қатар 1 қыркүйек күні бірінші сыныптың әр оқушысына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан «Менің Отаным — Қазақстан» кітабы салтанатты түрде сыйға тапсырылатын болады.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында облыс бойынша 73699 бала мектеп табалдырығын алғаш аттайды.