Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстан Республикасының конституциясы күніне орай үш мәдениет нысаны ел игілігіне пайдалануға берілді.
Мереке қарсаңында Жібек жолы мен Бірлік ауылдық округтері тұрғындарына 75 орынды клубтар есігін айқара ашса, Құркелес ауылды округіндегі 150 орынды мәдениет үйінің құрылысы толық бітті. Нысандардың ашылу салтанатына қатысқан аудан басшысы Қ.Әбдуалиев барша жұртшылықты мерекемен құттықтап, дарынды да талантты азаматтардың саны артатынына сенім білдірді.
Пайдалануға берілген мәдениет нысандары толықтай құрал-жабдықтармен, компьютерлермен және жиһаздармен қамтамасыз етілген. Мәдениет үйлерінің жанында кітапхана, оқу залы, жоғары жылдамдықта істейтін интернет пен телефон байланысы бар.
Жалпы, Сарыағаш ауданында биыл мәдениет нысандары жоқ ауылдық округтер мен елдімекендерде ауыл клубтары мен кітапханалар салынды.
Бүгінге дейін Бірлік, Жібек жолы, Құркелес, Тегісшіл, Ақтөбе ауылды округтерінде мәдениет нысандарының құрылысы аяқталып, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 3 мәдениет үйлері аудан тұрғындарына тапсырылады деп жоспарлануда.