Шымкенттің іргесіндегі Ақсукентте «Мұнай» компаниясына тиесілі мұнай базасында бензин құйылған цистерналар мен сорғы станциясы өртенді. Қызыл жалын бензин толы 12 цистерна мен сорғы станциясын шарпыған. Жалынды сөндіру жұмыстарына 30-ға жуық техника жұмылдырылып, тиісті шаралар бірден қолға алынғанымен, оттың бетін қайтару оңай болмады дейді мамандар. Қуанарлығы, адам шығыны жоқ, сол маңдағы 100-ге жуық қызметкер тез арада қауіпсіз жерге шағарылған.
Оқиға орнына облыс әкімі өзі келіп, жағдайды көрді. Төтенше жағдай департаментінің мамандары Бейбіт Бәкірұлына қауіптің бәрі артта қалғанын айтып, жағдайдың бақылауда екенін айтты. Өрттен аман алып қалған резервуарларды салқындату жұмыстары әлі де жүргізілуде. Өйткені дайын өнімді сақтайтын цистерналарда АИ-92 бензині толы екен.
Төтенше жағдайлар департаментінің 105 қызметкері әлі сол өрт болған маңда, отты толық сөндіруге әрекеттеніп жатыр. Әкімшіліктен де 9 техника бөлінген. Облыс әкімі мұнай базасының иелерін табуды тапсырды. Өрттің шығуына осындағы вагонның көліктерге бензинді артуы кезінде келіп соқтығысуы себеп болған. Техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Мамандардың шығарған қорытындысы осындай.
Түске қарай оқиға орнына өрт сөндіру пойызы аттанды. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтау үшін көбік те шашты. Төтенше жағдай мамандары қазіргі таңда екі цистернаның сөндірілгенін хабарлады.
Ернар Балабеков.