Шымкент мектептеріне қысқа арналған қатты және сұйық отын тасымалдау жұмыстары басталды. Қаладағы көмірмен жылытылатын мектептер үшін 4400 тонна көмір қажет. Қазір соның 400 тоннасы жеткізілген. Сондай-ақ, 400 тонна сүйық отын да дайындалған. Ең бастысы, қатты отын алған мектеп басшылары көмірдің сапасы жақсы деп отыр.
Осыдан екі жыл бұрын Сайрам ауданынан Шымкент қаласының аумағына өткен №115 мектеп 1990 жылы тұрғызылған. Ыңғайластырылған білім ошағының басшылығы қысқа қажетті 120 тонна қатты отынды қамдап қойыпты. 600 оқушыны қысқы суықта тоңдырмаудың барлық шарасын қарастырып қойғанын айтады. Отынның сапасын бірден тексеріп алған.
Гауһар Әліқұлова, директордың орынбасары: «Біз отынды алмас бұрын өзіміз комиссия құрып, қоймадағы отынды арнайы барып көрдік.»
Ал №103 орта мектептің ұжымы биыл жылдағыдай көмір жағып шаршамайды. Қалалық білім бөлімі шаһардағы осы секілді 5 мектептің жылыту жүйесін көмірден табиғи газға ауыстырып жатыр.
Сонымен, бүгінде Шымкенттегі 127 білім ошағының 15-і ғана қатты отын пайдаланады. Болашақта ол мектептерге де газбен жылыту қондырғылары орнатылмақ. Өйткені ол тиімді, әрі ыңғайлы, дейді сала мамандары.
Нұрлан Жаңабай