Шымкентте жұмыссыз азаматтың өзіне-өзі қол жұмсауы бойынша қылмысты іс қозғалды. Еске салайық, 17 тамыз күні сағат 17:00 шамасында Әл Фараби полиция бөліміне бір кісінің асулы тұрған өлі денесі табылғаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер қаладағы шағын саябақтардың бірінің маңындағы жол шетіндегі қоршауға асулы тұрған бейтаныс азаматтың денесін анықтады. Денесін қарау барысында ешқандай қинау немесе ұрып-соғу белгілері анықталмаған.
Жәбірленушінің жеке басына тексеру жүргізген тәртіп сақшылары оның 1967 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны, жұмыссыз азамат екенін анықтады. Соңында әйелі және үш баласы қалды.
Қазір осы факті бойынша қылмысты кодекстің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.