Шымкент қаласындағы «Жайлаукөл» демалыс аумағы ресми ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты.
Қала тұрғындарының еркін демалыс аймағы ретінде салынған бұл саябақ жақын болашақта шымкенттіктер мен қала қонақтары серуендейтін таптырмас демалыс орнына айналады деп күтілуде.
Демалыс аймағында барлық жастағы қыдырушыларға арналған 20-ға жуық аттракцион бар. Ал ең бастысы — биіктігі 50 метрлік алып әткеншек. Ол Орталық Азиядағы ең үлкен аттракцион деп сендіреді демалыс аймағының басшылары.
Болашақ «Шымкент-Сити» қалашығының жанына орналасқан демалыс аймағы алдағы уақытта Шымкенттің ең көрікті жеріне айналады. Мұнда уақытта көңілдік өткізу мен түрлі спортты іс-шараларды өткізуге қолайлы жағдай жасалған.