Шымкенттегі 10 жыл бойы жоспарланып, былтыр ғана іске қосылған алғашқы қоқыс өңдеу зауыты жабылып қалды. Қазір кәсіпорын тоқтап тұр.
Бүгінде ол зауыттың қай мекемеге тиесілі екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Соның салдарынан осы өндіріс орнында өңделуі тиіс қатты тұрмыстық қалдық 17 гектар полигонға сұрыпталмай тасталып жатыр.
Сала мамандарының айтуынша, мұнда тәуілігіне 500 тонна қалдық жеткізіледі. Айына шамамен 18 мың тонна қоқыс тасталады деген сөз. Қоқыс алаңындағы қалдық технологияға сай көміледі. Алайда, 20 жылға деп есептелген полигон қазіргі қарқынмен мерзімінен бұрын толып қалуы ғажап емес. Ал зауыттың қашан қайта іске қосылатыны белгісіз.